Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Нұр-Сұлтан қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(7172) 40-83-67

+7(7172) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Біздің арман – бір тілде сөйлейтін елге айналу

7.9.2023 632

Бүгін ұлтымыздың ардақты азаматы, қазақ тіл білімінің атасы, оның ғылыми негізін қалыптастырған аса көрнекті ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының дүние есігін ашқан күні. Осыдан бірер жыл бұрын дәл осы күнді тіл мерекесі ретінде атап өту туралы шешім қабылданған. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» үшін бұл – төл мереке!

Өздеріңіз білетіндей, биыл жазда «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс Құрылтайы өтіп, құрылтайшылар ұйымның тізгінін маған сеніп тапсырды. Осы аралықта бірнеше аймақты аралап, көптеген тіл жанашырымен жеке кездесіп, қазақ тілінің қоғамдағы күшін арттыруға арналған ұсыныстарды талқыладық.

Қазақ тілі дегенде Мемлекет басшысынан бастап қарапайым азаматтардың қай-қайсысының да жеке пікірі, ұстанымы бар. Тілге бей-жай қарайтын адам жоқ. Ана тілі – ең қасиетті де қастерлі ұғым, Тәуелсіздікпен тең тұратын ең асыл құндылық. Қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын, қазақша түс көретін орта үшін қазақ тілі теңдесіз қастерлі дүние. Тілсіз бізге өмір жоқ.

Алайда біздің қоғам біркелкі емес. Еліміздің тарихи тағдыры Қазақстан қоғамын алуан түрлі мәдениет, тіл, дін мен ділдің біте қайнасқан ортасына айналдырды. Бір кездегі солақай саясаттың салдарынан тіл мәселесі үрей туғызатын деңгейге жетті. Оның бір себебі Тәуелсіздік жылдарында да ана тіліміздің Қазақстан қоғамын біріктіруші ұйытқы ретінде орнығуына қажетті қадамдар тиісті дәрежеде жасала қоймағандығында жатса керек. Сол себепті тіл дегенде әлі де көптің кеудесін өкініш пен ашу кернейді.

Дегенмен, әсіресе соңғы жылдары қазақ тіліне шын ықылас танытатын, оны қоғамды біріктіре алатын, ортақ ұлы елдік мақсатқа ұйыта алатын күш ретінде танитын ортаның салмағы артып келе жатқаны айқын көрінеді. Біз құрып жатқан Жаңа Қазақстан осындай ілгері ортаға арқа сүйейді, қазақ тілін барлық әлеуметтік топ, ұлт пен ұлыс өкілдерін жақындастыратын ортақ платформа ретінде дамытады деп ойлаймын.

Тіл – саф алтындай табиғи байлығы, жан тербейтін әуезі, әдемі үні, ерекше тарихы және қазіргі заманға лайық мазмұны арқылы ғана көпке тартымды, сүйкімді бола алады. Сондықтан тіл жанашырларынан құралған еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым ретінде тілімізді үйренем деушілерге барынша жағдай жасап, оларға көмектесуге, оларды ынталандыруға тиіспіз.

Сол мақсат жолында жас балалардың тілін қазақша шығаруға қажетті құралдардан бастап, ілгері техникалық ғылыммен айналысуға керек мазмұнға дейін, барлық саланы жан-жақты қамтығымыз келеді; қазақ тілінде сөйлейтін, жазатын, қызмет ететін, шығармашылықпен айналысатын барлық азаматтың тұлға және маман ретінде өз тілінің аясында жетіліп, табысты болуына қажетті жағдай жасауға ұмтылмақпыз. Бұл үшін бірлік пен мол қаржылай қолдау керек. Жоспарымызды нақтылап, қолға алатын іс-қимыл, шара мен жобаларымызды айқындап, белсенді іске кіріссек, ана тілімізге қатысты барлық түйткілді мәселелерді жылдам әрі тиімді шешуге әбден болады.

Біздің арманымыз – бір тілде сөйлейтін, бір мүдде төңірегінде ұйысқан, кез келген мәселені ортақ ұлттық мүдде үдесінде, бір тілде талқылап, пәтуаға келе алатын бірлігі бекем, білігі мен білімі жоғары ілгері қоғамға айналу. Барша қоғам қастерлеп, құрмет тұтатын Ана тіліміз – осындай ілгері қоғамның алғышарты, әрі берік тұғыры болмақ.

Баршаңызды ана тіліміздің абыройын арттыруға жасампаздық, мейірім, білім және мәдениет арқылы атсалысуға шақырамын!

Қазақ тілінің киесі Тәуелсіз Қазақстанға жар болсын!


Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының» Президенті


https://anatili.kazgazeta.kz/news/62227

Тегтер: Қазақ тілі
Авторы: Тіл әлемі

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

633 Ақпарат

ТЕХНОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҮЛЕС САЛМАҒЫН АРТТЫРУ КӨЗДЕЛЕДІ

827 Ақпарат

МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСТАРЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ

913 Ақпарат

«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ІЗАШАР МИССИЯСЫ