Жылай берсек, жығыла береміз
Қанымызға сіңіп қалған жаман әдеттің бірі – орынды-орынсыз жылай беру. Иә, біз барды қанағат тұтпаймыз, қолда барды бағаламаймыз. Керісінше, түймедейді түйедей қылып жылай береміз. Ал ол – мәселені шешудің емес, қайта күрделендіре түсудің құралы болып тұр. Мәселен, қазақ тілінің жайы баяндалған кез келген мақаланы ашып оқыңыз. Бәрінің мағынасы бір: «қазақ тілі – сорлы тіл», «қазақ тілі өліп барады, өшіп барады», «шенеуніктер қазақша сөйлемейді, анау ана тілін менсінбейді, мынау аяқасты етіп отыр», «тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болды, ал тіл мәселесі әлі күнге дейін шешілген жоқ, кері кетіп барамыз».
Қазақ тіліне қатысты жиынға барсаңыз да, еститініңіз – осыған жетеқабыл дүниелер. Сөйте тұра, жастарды тілді құрметтеуге шақырып, ана тілінде сөйлеуін талап етеміз. Осы дұрыс па?
Қазір – нарықтық экономика заманы. Экономика – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Мұны атам қазақ «аш бала тоқ баламен ойнамайды» деп дәл сипаттап берген. Халықтың хал-ахуалы төмендеп кетсе, ұлттық мүдде, намыс дегеннің бәрі аяқасты болады. Тарихымыздағы ақтаңдақтар, әлем елдерінде орын алып жатқан дүниелер соның дәлелі іспетті. Сонымен, нарықтық экономиканың басты талабы – бәсекеге қабілеттілік. Яғни кез келген тауар өтімді болуы үшін, оның жарнамасын келістіру керек. Ал егер тілді тауар деп қабылдайтын болсақ, жоғарыда айтылған теңеулерден соң оны ешкім де құрметтеп, тұтынбасы анық. Айқын мысал: сіз дүкенге бардыңыз, сатушы бір тауарды әбден жамандап, оны ешкім тұтынбайтынын, жұрттың бәрі менсінбейтінін жеткізді. Сіз оны сатып алар ма едіңіз? Тіл де сол тәрізді. «Қазақ тілінің соры қалың» дейтін кезең өтіп кетті.
Біз кешегі кеңес кезеңін көрген жоқпыз. Бірақ ағайын-туыстан естіп жүрміз. Қазақ тілі өз тарихындағы ең ауыр кезеңді өткен ғасырдың 70-90 жылдары өткерген екен. Қазақ мектептері жабылып, орыс отырған жерде қазақша сөйлеуге тыйым салынған. Тіпті, автобуста екі қазақ бір-бірімен ана тілінде шүйіркелесе қалса, оларға сан түрлі балағат сөз жауып кеткен. Ал қазір ше? Қазір бәрі өзгерген. Қазақ тілі кедергілерден өтіп, дамып келеді. Дәлел керек пе? Қараңыз.
Осы жолдарды жазып отырған пақырыңыз Теміртау қаласына алғаш рет 2005 жылдың жазында келген болатын. Теміртау әлі күнге дейін Қазақстандағы ең орыстанған, қазақ тілі екінші орынға ысырылып қалған қала ретінде суреттеледі. Рас, 2005 жылы дәл солай болған да. Көшеде, аулада, дүкенде, автобуста – барлық жерде орыс тілі үстемдік құрып тұрды. Орысша білмей өмір сүру мүмкін емес еді. Арада 12 жыл өтті. Бәрі өзгерді. Теміртаудағы автобустардың тізгіні Өзбекстаннан келген қандастарымыздың қолында. Дүкендердің дені қазақ сатушылары мен кәсіпкерлерінің иелігінде (ірі сауда үйлерінен басқа, оларға да уақыт жетер), банк, ХҚКО тәрізді мекемелердің барлығында қазақтың қыз-жігіттері жұмыс істейді. Бұл – соңғы жылдары байқалып келе жатқан тенденция. Сенбейсіз бе? Теміртауға келіп, көз жеткізіңіз. Мәскеудің өзі бір күнде салынбаған. Алдағы таңда тұтас қаланың қазақша сөйлеп кетеріне сенім мол.
Енді шенеуніктердің қазақ тілінде сөйлемеу мәселесіне тоқталсақ. Мұндай мәселенің бары рас. Бірақ оған кінәлі тілдің сорлылығы емес, өзіміздің қауқарсыздығымыз болып отыр. Талап етіңіз. Орындалады. Талап етудің жөні осы екен деп өзге ұлт өкілінің жағасына жармасудың керегі жоқ. Ұлты қазақ азаматтың көп алдында орысша шүлдірлемей, қазақ тілінде баяндама оқуын сұраңыз. Ал өзге ұлттың өкілдері сөйлемесе, сөйлемесін. Әлемде өз тілін, салт-дәстүрін заманға сай ықшамдап, сақтап қалған жалғыз ұлт жапондар. Бір қызығы, жапон ұлтының өкілі өзге халықтардың жапонша сөйлегенін жақтырмайды. Себебі олардың жапон тілін қадірлейтіні соншалық, айдаладағы біреудің сол тілде шүлдірлегенін қаламайды. Лайықты емес деп санайды. Менің де ойым – осы. Өзге ұлттың баласы неге менің ана тілімде сөйлеуі керек? Ол соған лайық па?
«Тілді дамыту үшін не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Жалпы, іздейтін де ештеңесі жоқ. Сұранысты қанағаттандырып, талап ете білсек болғаны. Қазақ тілінің «ауыр» тағдыры туралы қайта-қайта ашына айтып, алты беттік қазақтілді газетке сала құлаш мақала беру және қазақтарға оқыту еш абырой әпермейді. Қайта аудиторияны жалықтырып жібереді. Мұндай мақаланың авторлары өздерін тіл жанашыры сезінетін болар. Шынтуайтында, олар – көп қырттың бірі ғана. Нағыз тіл жанашыры деп ғаламторда жүрген, аты-жөні беймәлім азаматтарды атауға болады.
Тағы бір мысал, «Фейсбук» желісінде «тіл жанашыры» болып жүрген азаматтардың дені, өз ойын орыс қаріпімен жазады. Мұнысын телефонында қазақ әріпінің жоғымен түсіндірген болады. Қазір кез келген ұялы телефонның тілін қазақшаға ауыстырып қоюға болады. Оны бәрі біледі. Бірақ істемейді, тек өзгені кінәлауды ғана біледі. Ескерту айтсаң жаусың.
Қазіргі жастар кітапханаға барып, сағаттап отырып сабаққа дайындалмайды. Оған қажеттілік жоқ. Том-том кітапты ақтармай, іздегеніңді ғаламтордан бір демде тауып алуға болады. Тек қазақша мәлімет аз. Себебі оны енгізіп жүрген адам некен-саяқ. Жауыр тақырыпты қайта-қайта қозғап жүрген ағалар сол сияны ұрпаққа керек ақпарат жазуға жұмсаған болса, бәлкім, бұл кемшіліктің орны толар ма еді? Өзіңіз ойлап көріңізші, уикипедия ашық энциклопедиясына кітаптан 100 мақала көшіріп жазған баланың еңбегі артық па, әлде қазақтілді газетке тіл туралы 100 мақала жазған адамның еңбегі артық па? Тілдің дамуына қайсысы көп септік тигізеді?
P.S. «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің ресми құрылғаны қуанышты жаңалықтың бірі болды. Бұл бірлестіктің басында есімі Арқа жұртына жақсы танымал азаматтар отыр. Алдағы уақытта бұл бірлестік қазақ тілінің «сорлылығын, ешкім менсінбейтін тіл екенін» қайта-қайта көтеріп, еске салатын ұйым емес, қазақ тілі мен мәдениетінің дамуына жаңаша серпін беріп, тың бастамаларды көтеретін, әкім-қаралардан қазақ тілінің Конституцияда көрсетілген мәртебесінің сақталуын талап ететін ұйым болады деп сенеміз.
